Нұр-Сұлтан қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы
February 24, 2021

Зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияларға беру тәртібі туралы

2021 жылғы қаңтардан бастап азаматтарға өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу үшін ғана емес, сондай-ақ, басқарушы компанияларға (инвестициялық портфельді басқарушы – ИПБ) инвестициялық басқаруға беру үшін де пайдалану құқығын беретін заңнамалық нормалар күшіне енді.

             Зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі:

– зейнетақы активтері сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін ИПБ-ға қойылатын талаптарды, сондай-ақ, зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесін әзірлейді және бекітеді;

– зейнетақы активтерін басқару жөніндегі қызметке қойылатын талаптарға сәйкес келетін ИПБ тізілімін ай сайын жүргізеді және өзінің интернет-ресурсына орналастырады.

            Салымшы сондай-ақ, қолданыстағы ИПБ тізбесімен және олар ұсынатын инвестициялық декларациялармен БЖЗҚ-ның www.enpf.kz сайтында таныса алады.

             Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру үшін:

ИПБ тарапынан:

1) уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген талаптарға сәйкестігі;

2) ИПБ уәкілетті органдар тізіліміне енгізілуі;

3) БЖЗҚ мен ИПБ арасында жасалған зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарттың болуы;  

4) БЖЗҚ, ИПБ және кастодиан-банк арасында жасалған кастодиандық шарттың болуы керек.

салымшы тарапынан:

1) салымшының БЖЗҚ-ға берген ИПБ таңдау туралы жазбаша өтінішінің болуы;  

2) салымшының БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотында ИПБ-ға беру үшін жеткілікті қаражаттың болуы тиіс.

Салымшының зейнетақы жинақтары ИПБ басқаруына:

– салымшының БЖЗҚ-дағы нақты зейнетақы жинақтарының сомасы мен зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шегі арасындағы айырмадан аспайтын мөлшерде; немесе

– өмір бойғы төлемдерді көздейтін сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шарты жасалған жағдайда, салымшының БЖЗҚ-дағы шотындағы зейнетақы жинақтарының қалдығынан аспайтын мөлшерде берілуі мүмкін.

Зейнетақы жинақтарын бір немесе бірнеше ИПБ-ға аудару үшін салымшы БЖЗҚ-ға өтінішпен жүгінуі қажет. Өтініш БЖЗҚ-ның www.enpf.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы немесе БЖЗҚ-ның кез келген өңірлік бөлімшесіне өзі келіп, өтініш білдіргенде берілуі мүмкін.

БЖЗҚ жеткіліктілік сомасынан асатын зейнетақы жинақтарының бір бөлігін салымшыдан өтініш келіп түскен күннен кейін күнтізбелік отыз күн ішінде ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына аударуды жүзеге асырады. Салымшының зейнетақы жинақтарының қалған бөлігі Ұлттық банктің басқаруында қала береді.

ИПБ-ның инвестициялық басқаруына берілген зейнетақы жинақтары біржолғы зейнетақы төлемдері түріне жатпайды (тұрғын үй жағдайларын жақсарту және/немесе емделу мақсаттарына алынған жағдайдағыдай) және оларға ИПБ-ға аударған кезде жеке табыс салығы салынбайды.

БЖЗҚ-дан зейнетақы активтерін алғаннан кейін ИПБ оларды ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы №10 қаулысымен бекітілген Инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларында көрсетілген және ИПБ инвестициялық декларациясында көзделген, яғни рұқсат етілген қаржы құралдарына инвестициялайды.

Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңға сәйкес, ИПБ инвестициялық басқарғаны үшін комиссиялық сыйақы алуға құқылы. ИПБ сыйақысының шекті шамасы алынған инвестициялық табыстың 7,5% – ынан аспауы керек. Комиссиялық сыйақының нақты шамасын жыл сайын ИПБ-ның басқарушы органы бекітетін болады және ол жылына көп дегенде бір рет өзгеруі мүмкін.

Зейнетақы активтерін ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына алғаш бергеннен кейін салымшы:

– БЖЗҚ-ға өзінің зейнетақы жинақтарын бір ИПБ-дан екінші ИПБ-ға сенімгерлік басқаруға беру туралы өтінішті жылына көп дегенде бір рет беруге;

– БЖЗҚ-ға ИПБ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы жинақтарын Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруына қайтаруға (зейнетақы жинақтары ИПБ сенімгерлік басқаруына алғаш берілгеннен кейін екі жылдан ерте емес) өтініш беруге құқылы.

Салымшы зейнет  жасына жеткенге дейін күнтізбелік 10 күн бұрын салымшының зейнетақы жинақтары Ұлттық Банктің инвестициялық басқаруына қайтарылады.

Зейнетақы жинақтары Ұлттық банктің басқаруында болған кезеңде салымшы зейнет жасына жеткенге дейін инфляция деңгейін ескере отырып, зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік қолданылады. Зейнетақы жинақтарын ИПБ басқаруына аударған кезде мемлекет кепілдігі басқарушы компанияның зейнетақы активтері кірістілігінің ең төменгі деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі кепілдігімен ауыстырылады. Кірістіліктің ең төменгі деңгейі нарықта әрекет ететін ИПБ-ның басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа алынған кірістілігінен есептелетін болады. Зейнетақы активтері бойынша ең төменгі кірістілік және орташа алынған кірістілік көрсеткіштері туралы ақпарат ай сайын жарияланады.

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

 


Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты
100 нақты қадам
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы
«Қазақстан-2050» стратегиясы
Валюта Покупка Продажа
$
P